Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар беру жұмысын үздіксіз жүргізуде.
Бұл жолы оқу орнының ұжымы мен студенттері Тайынша ауданының оқушыларымен кездесті. Аталған аудан — кәсіптік бағдар беру аясында қамтылған соңғы өңір.
Айта кету керек, кездесулер барысында облысымызда медицина саласы бойынша білім беретін жалғыз колледждің мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Қазіргі таңда білім ордасында 6 мамандық бойынша мыңнан астам студент білім алуда.
Кездесу барысында студенттер оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін практика түрінде арнайы манекендер арқылы көрсетті. Сонымен қатар, студенттер колледждегі оқу процесі мен студенттік өмір туралы да әңгімеледі.